Лиллехаммерде Қазақстан делегациясының штабы ашылды

Лиллехаммерде Қазақстан делегациясының штабы ашылды


17:31, 12 ақпан 2016
247 - рет қаралды

Норвегияның Лиллехамер қаласында жасөспірімдердің Қысқы Олимпия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрама командасының штабы ашылды.



Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бүгін штабта Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері спортшылар мен жаттықтырушылар құрамымен кездесті. Кездесуде комитеттің вице-президенті Андрей Крюков пен атқарушы директоры Серік Қасқабасов спортшылардың дайындығын сұрастырып, олимпиялық қалашықтағы жағдайларымен танысты.

«Олимпиада әрбір жас спортшының өміріндегі маңызды жарыстардың бірі. Сондықтан осы жерде өздеріңді жақсы қырынан көрсетулерің керек. Біздің ел сендермен мақтанады. Елде барлығы сендерге үміт артып отыр», деді Андрей Крюков.

Кездесуде жарыстың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап жүретін шорт-трекші Еркебұлан Шамұқанов барлық спортшылардың атынан Қысқы Олимпиадаға жақсы дайындықпен келгендерін, жарыс кезінде спортшылар бір-бірлерін қолдайтындарын айтты.

«Біз Лиллехамерде бір отбасының балалары сияқтымыз. Бір-бірімізге білмеген нәрсемізді айтып, көмек керек болса қол ұшын созамыз. Бірақ, ең бастысы жарыста жақсы өнер көрсетіп, елге алтын жүлделерді санап әкелу деп білемін. Сондықтан намысты қолдан бермей, көк байрағымызды Норвегияның аспанында желбіретуге тырысатын боламыз», деді ол.

Олимпиада кезінде Қазақстан спортшылары жарысқа ғана емес, басқа да мәдени шараларға да қатысады. Мысалы, спортшылардың «Hello, World!» («Әлем саған бір сәлем!») деген фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен жақын араласуға мүмкіндіктері болады.  Онда үстел теннисінен жарыстар өтіп, би кештері өткізіледі.


Аймақ жаңалықтары