Сапарбай Жұбаев: Дағдарыс - істің ыңғайын таба білетін жандар үшін жақсы мүмкіндік

Сапарбай Жұбаев: Дағдарыс - істің ыңғайын таба білетін жандар үшін жақсы мүмкіндік


12:00, 26 қаңтар 2016
165 - рет қаралды

Жуырда «Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшілері «Қазмедиа Орталығы» ғимаратында танымал экономист, сарапшы, қаржыгер Сапарбай Жұбаевпен кездесті.



Онда әлемде қалыптасып отырған экономикалық ахуал мәселесі сөз болды. Сарапшы экономикада болып жатқан үдерістерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, бүгінгі жағдайға баға берді. Сондай-ақ тілшілер қауымын толғандырған сауалдарға жауап берді. 

Қаржыгер-сарапшының айтуынша, осы уақытта әлемде қалыптасқан жағдайды сарапшылар «Ерекше кезең» деп бағалап отыр. Оның ерекшелігі сол адамдар жатпай-тұрмай талпынып, еңбек етсе ғана  дағдарыстан шығатын жол тауып, әрі қарай тіпті табысқа кенеледі.  

Ал экономикалық тығырықтан шығудың жолдарын іздестіріп жатқан Қазақстан саясатына қатысты маман: «Жекешелендіру арқылы біз өзіміздің экономикадағы тұрақтылығымызды сақтап қаламыз. Сонымен қатар, кәсібін өрге домалатқысы келетін іскер азаматтарға мүмкіндік береміз. Мемлекет нашар менеджер деген қағиданы назарда ұстауымыз қажет»,-дейді.

Оның пікірінше, бүгінгі таңда бізге қызмет көрсетудің сапасын арттырып, өндірістік әлеуетті күшейткен жөн.


«Дағдарыс – бұл тек экономикалық сынақ емес. Сонымен қатар, істің ыңғайын таба білетін жандар үшін жақсы мүмкіндік те. Дағдарыстың табысқа жеткізетін, жақсылықтың қадірін біліп, өз-өзімізді шыңдауға мүмкіндік беретін өз құпиясы бар. Кім сол құпияны шеше біледі, кірістің кілті соның қолында болады. Бүгінде доллар бағасы шарықтады деп сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Өйткені, ол тікелей өлшем бірлігі емес, оның да жақсы жақтары болады»,-дейді маман.    


Аймақ жаңалықтары