• Негізгі
  • Портал
  • Жер туралы

  • Б.Сағынтаев: Бірде-бір сауал қараусыз, шеткері қалмайды

    Б.Сағынтаев: Бірде-бір сауал қараусыз, шеткері қалмайды


    18:38, 3 маусым 2016
    4820 - рет қаралды

    Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы көшпелі отырысын қорытындылады.



    ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысындағы Жер реформасы жөніндегі комиссияның көшпелі отырысын қорытындылады.

    «Бірде-бір сауал қараусыз, шеткері қалмайды. Олардың бәрін бір жүйеге келтіріп, бағыттары бойынша қарайтын боламыз», - деді Б.Сағынтаев Комиссияның өңірлерге алғашқы көшпелі отырысының қорытындысы бойынша.

    Ол отырысқа қатысқан Ақмола облысының өкілдері өз пікірлерін айтып, өздерін қызықтыратын сауалдарды қойғанын айтып өтті, деп жазады primeminister.kz.

    Олардың ішінде - жерді сатуға, шетел азаматтарына жалға беруге қатысты және т.б. сауалдар бар.

    «Ашық әңгіме болды (...) Отырыс төрт сағатқа созылды, қырықтан астам адам сөз сөйледі. Селекторлық режімде облыстың барлық аудандарын қостық. Аудандарда да ниет білдіргендер өз пікірлерін айтты. Бүгінгі отырыс жұмысына барлығы 250-ден астам адам қатысты. Әрине, өңірлердегі адамдардың сауалдарын, ұсыныстарын тыңдағанда оларда барша халықты мазалайтын сұрақтардан бөлек өзге де көптеген сұрақтар бар екенін байқадық. Негізінен бұл әлеуметтік салаға, ауыл инфрақұрылымына қатысты жеке сұрақтар. Олар қала тұрғындары үшін түсініксіз болуы мүмкін, бірақ ауыл тұрғындары үшін бұл бірінші кезекте тұрған мәселелер», - деп атап өтті Бірінші вице-премьер.

    Естеріңізге салсақ, Комиссияның алдыңғы отырысы барысында, 28 мамырда, оның мүшелері халыққа жер реформасы бойынша түсіндіру және ақпараттандыру үшін елдің өңірлеріне баратындығы жарияланған болатын.

    «Біздің міндетіміз - барлық ұсыныстар мен пікірлерді халыққа жеткізу. Комиссияның келесі отырысын аймақтардағы кездесуден бастауды ұсынамын. Тағы қосалқы топ құрып аймақтарға бару керек. (...) Осы айда бірнеше сапарды жоспарлап, ал тамыз айында түйінді шешіммен оралуымыз керек. Менің ойымша, халықпен кездесуді Ақмола облысынан бастаған дұрыс. Жұмысты жақын облыстардан бастау керек», - деді бірінші вице-премьер.

    Сол кезде ол өңірлердегі кездесулерге барлық мүдделі тұлғалар, аграрлық сектор және бизнес өкілдері шақырылатынын айтып өтті. Осыған байланысты ол ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке өңірлерге баруға ниет білдірген топтардың тізімін ұсынуды тапсырған болатын.

    ҚазАқпарат


    Аймақ жаңалықтары

    Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні