
Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы көшпелі отырысы Ақмола облысында өтуі мүмкін. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында Үкімет басшысының орынбасары, комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, жер комиссиясының отырысында бірқатар мәселелер айтылды. Сондағы ұсыныстың бірі халық арасына шығып, комиссия көтерген пікірлерді халыққа жеткізіп, жұрттың пікірін де білу.
«Келесі отырысты біз өңірлерге шығудан бастасақ. Бұл жерде көшпелі отырыста жетпіс бес адам топырлап бір өңірге бару емес. Бөлініп, топ-топпен халықты аралайық, пікірлесейік. Бір топты мен басқарайын, екіншісін Мұхтар Абырарұлы басқарсын, үшіншісін Асқар Мырзахметов басқарсын деген секілді», деді Б. Сағынтаев. Осыған байланысты комиссия жетекшісі арнайы кесте жасауды да ұсынды.
Оның айтуынша, комиссия бір айда өңірлерді аралап, Астанада қайта бас қосуды жоспарлайды. Сосын өңірлерді тамыз айының соңына дейін аралап шығып, содан қорытындылар, талдаулар жасауға кіріседі.
«Сондықтан да, келесі кездесуді Астана маңындағы Ақмола облысында баруды ұсынар едім. Осы облыстың төңірегіндегі мәселелерді талқылайық, оған шекаралас жерлерге де барайық. Комиссиямен осыны келісейік, шаруа қожалықтарын, белсенді азаматтардың бәрін сол отырысқа шақырайық.
Сол үшін бүгін Ақмола обылысына баратын мүшелерді, белсенділердің тізімін жаза берсек деп отырмын. Сосын күнін белгілеп, көшпелі отырыстарды Ақмола облысынан бастасақ», деді Б. Сағынтаев.