
Жер шетелдіктерге сатылған жоқ және сатылмайды да. Бұл туралы Көкшетауда өткен Жер реформасының көшпелі отырысында қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев пікірін білдірді.
Оның айтуынша, осы күні жер мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылды. Оның ішінде келісетіні де, келіспейтіні де бар.
«Жер шетелдіктерге сатылған жоқ және сатылмайды да. Ал, жалға беру мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде шарасыздық бар. Мәселен, кейбір жалға берілген жерлер толық игерілмей жатады. Жаңа технология енгізілмегендіктен егіннің шығымы 10-15 центнерден аспайды. Әрі кетсе 20 ғана болады.
Ал құнарлылығы жағынан жерлері біздікінен төмен Еуропа елдері гектарынан 50 центнерден алып отыр. Біздікі одан неге кем? Мұның бәрі инвестицияға келіп тіреледі. Біз инвестиция, жерді жалға беру дегенде бірден Қытай ауызымызға оралады. Кезінде ата-бабаларымыз «Қара қытай келсе, артынан қара жер қалады» деп айтқан екен. Бұл кезінде айтылған сөз шығар. Біз қазір басқа кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бұл көзқарастан арылуымыз керек. Осы күні ауыл шаруашылығы саласын инвестициясыз дамыту мүмкін емес. Инвестиция салатын Қытайдан басқа елдер де жетерлік. Осы жағын дұрыс түсінгеніміз абзал», - деді Кенжеғали Сағадиев.