
Жерге қатысты ақпараттар облыс әкімдерінен тікелей сұралатын болады. Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында комиссия төрағасы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді.
Айта кетерлігі, комиссия отырысында Құқықтық бағыттағы жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан баяндама жасап, сөз басында осы мәселені көтерген болатын. «Бұқаралық ақпарат құралдарында «Ақмола облысы мен Алматы облысының әкімдері жерді Қытайға жалға беру туралы келісімшартқа қол қойды» деп жатыр. Бұл мәселеге қатысты ресми түрде сұрағым келеді: мораторий кезінде осындай келісімшартқа қол қою жөн бе? Осындай келісімшарт болатын болса, ол туралы ақпарат ашық болуы керек. Бұл менің сұрағым емес, халықтың білгісі келетіні», деді М. Тайжан.
Өз кезегінде комиссия жетекшісі Бақытжан Сағынтаев алдағы уақытта комиссия мүшелерінің өңірлерге сапары жоспарланғанын айтты. «Осы сапарымыз аясында облыс әкімдері ашығын айтсын: қол қойылды ма, сатты ма? Осы мәселе әкімдерге тікесінен қойылады. Қағазбен сұратқаннан гөрі осы дұрыс», деді Б. Сағынтаев.